Post Drama Weekend: ашық кеңістік өкілдері үшін

Қазан айының 24-27 аралығында «АРТиШок» тәуелсіз театры драмадан – постдрамаға қадам баспаққа ұмтылыс жасаған заманауи театр өкілдерінің басын қосып, «PostDrama Weekend» жобасын ұйымдастырды

Өнердің әр дәуірінің өз «ережелері» бар. Әр кезеңде белгілі бір революция орын алатыны және белгілі. Замана ағысына ілесіп, жаңа мүмкіндіктердің есігін ашып, ескіліктен аяқ тарту ­– өнер кеңістігіндегі қалыпты құбылыс. Постмодернизмнен кейін постпостмодернизмнің келгені секілді, өнер тарихының тоқтаусыз даму процесі оған жаңалық әкелумен жалғаса бермек. Олардың бәрі өз алдына дара мақсаттар қойып, соны бағындыруға ұмтылады. Сол сияқты театрдағы постдраманың мақсаты – драматургия шектеген шекарадан шығып, көркем өнердің жаңа образын қалау.

Неміс театртанушысы Ханс-Тис Леманстың «Постдрамалық театр» еңбегіне жүгінсек, бұл бағытқа тән ең басты ерекшелік – оның драматургия мәтінінен тәуелсіз болуында. Әрине, драматургия театр өнерінің барлық дәуірінің айнымас бөлігі, негізгі дәні болып қала бермек. Бірақ, постдрама шарттары оның канондарын өзгертіп, тіпті, кейінгі театр тенденциясында сахналық мәтіннен түбегейлі бас тартқан да жайттар жиі ұшырасады.

Біз ескіге балайтын шығармалар өз ғасырының заманауи туындылары болғаны даусыз. Басты мәселе – әр шығарманың өз заманының өзекті мәселелерін көтеретінінде. Еврипид, Шекспир, Островский, Чехов драматургияларындағы адам тақырыбы әрине, мәңгілік. Өз-өзімен іштей қақтығысқа түсетін күрделі адам табиғатын сөз еткен ұлы туындыларды сол үшін де классика дейміз. Бірақ, бүгінгі сымбатты өнердің кірпішін қалаушылар жоғарыда аталған және өзге де атақты авторлардың шығармаларын өз оқылымында ұсынып, оны жаңа «көзбен» көруге, көрсетпекке тырысады.

Постдрамаға нақты анықтама беру мүмкін емес. Өйткені ол күн сайын дамып, түрлі бағытта етек жаюда. Ал, постдрама сипатындағы театр дегенде, мүмкіндігін шектемейтін заманауи театрларды тілге тиек етеміз. Ал, бұл ұғым біздің еліміздегі театрлар арасында қаншалықты «танымал»?

Жалпы, режиссура мен драматургияның заманауи келбетін мемлекеттік, академиялық театрлардан гөрі, тәуелсіз жеке театрлардың сахнасына жиі көретініміз жасырын емес. Театр өнерінің алға жылжуына сеп болуда, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көтеруде – жеке өнер ошақтарының еңбегі басым. «Жас сахна», «Лаборатория 316», «Бункер» секілді алматылық тәуелсіз театрлардың көшін бастайтын – «АртиШок» театры осы ретте бірінші ойға оралады.

«АРТиШОК» – өзін-өзі құрған қазақстандың бірінші тәуелсіз театр. Иә, өзін-өзі құрған, тура мағынада. Труппа өз ғимаратының құрылысын өздері көтергендіктен, театрдың рухани құндылықтарынан былай қоя бергенде, әр кірпішіне дейін бағалайтындары байқалады. Театр сахнасында әлеуметтік проблемаларды заманауи өнер тілінде сахналайтын режиссер Г.Пьянова – өз спектакльдеріне өзі драматург. «Өнерде шек жоқ» деп түсінетін театр ұжымы жұмылған жұдырықтай бірігіп, өздерін еліміздегі үздік труппалардың бірі екенін жеке дара дәлелдеп келеді.

Театр өнеріндегі айтулы мәселелерді шешу жауапкершілігі әр театрдың мойнында деп білеміз. Мейлі – мемлекеттік, мейлі – жеке. Алайда, бірінші аталғандары бұл сұрақ турасында аз ойланып, кем қимылдап (немесе әр театрдан төрт-бес адам ғана) жатса, екіншілері күн өткен сайын алға жылжуды өз миссиясына айналдырған. Қазақстан театр кеңістігіндегі драматургия мен режиссуралық жаңалықтар, ашулар жиі орын ала бермейтіндігін негізге алып, дәл осы театр «PostDramaWeekend» жобасын ойлап тапқан. Жоғарыдағы тұжырымымызға осының өзі дәлел болып отыр.

«PostDrama Weekend» жобасын іске асырушы «АРТиШОК» театрының актрисасы әрі директоры Анастасия Тарассова мен режиссер Галина Пьянованың айтуынша, бұл жоба – жаңа театр бағытына қызығатындар мен театрдағы пафос, оның шектен тыс академиялық форматынан жалыққандарға серпіліс болмақ. Олар Алматы қаласы – еліміздің мәдени астанасы бола тұра, жаңа режиссура өкілдерінің ортасына айнала қоймағанын, заманауи театр идеяластарының басын қосатын, көрермендерді осы бағытпен жақындастыратын фестивальдер мен гастрольдердің жиі ұйымдастырылмайтынын ескеріп, постдрамалық апталық өткізуді көздеген. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар «PostDrama Weekend» арқылы жаңашылдыққа ұмтылатын театр режиссерлерімен шығармашылық байланыс орнатуға дайын екендігін, ізденіс пен еңбекті ту еткен өнер иелерін қашан болсын қос қолдап қолдайтынын білдірген болатын.

"10 жестов" лекция-перформансы

Аталмыш шараны кіші формадағы фестиваль деп қарастыруға әбден болады. Өйткені, онда – ең бастысы, бүгінгі театрды жасаушылар арасында шығармашылық орта қалыптасып, тәжірибе алмасулар орын алды. Фестиваль репертуары «10 жестов» деп аталатын перформанс-лекциядан және «Мам, привет», «Что вы делали вчера вечером?», «Жылымық» спектакльдерінен құралған. Аталғандардың ішінен соңғысы ғана қазақстандық.

«PostDramaWeekend» 24 қазан күні мәскеулік заманауи өнер өкілдері Катя Ганюшина мен Дарья Демехинова жүргізген «10 жестов» лекция-перформансынан бастау алды. «Алматыбасжоспар» ғимаратында жиналған алматылықтар үшін өнердің жаңа бағыттарының бірі – перформанс турасында түсінік қалыптастырып, танымын кеңейтті. Перфоманс деп белгілі бір жерде және белгілі бір уақытта суретшінің немесе бір топтың арнайы бір оқиғаға деген көзқарасын құрайтын заманауи туындылары. Оның төрт негізгі элементі деп: уақыт, орын, суретші тұлғасы және суретші мен көрерменнің қарым-қатынасын айтамыз. 1970 жылдары постмодернизмнен бастау алған өнердің бастапқы арнасы футуризм, дадаизм, хэппеннинг, концептуалды өнер болып табылады.

«10 жестов» лекциясы бұған дейін Мәскеудегі заманауи өнер мемлекеттік орталығында, Калугадағы инновациялық мәдени орталықта және Мәскеудегі «DanceHelp Fest» фестивалі аясында өткізілген болатын. Лекцияға Марина Абрамович, Ольга Кройтор, Олег Кулик және тағы басқа талантты суретшілердің он туындысы таңдалған. Көрермендер қатысушы және бақылаушы болып екіге бөлініп, қатысушылар арнайы дайындалған реквизиттерді (арқан, крафт пакеті, тауық еті) пайдалана отырып, өнер тарихындағы ең көрнекті перформанстарды визуалды түрде қайталау арқылы сол сезімді сезінуге тырысты. 30 қатысушы екі-екіден парталарға жайғасып, перформанс қимылдарын жасауда бір-біріне серіктестік танытты. Бақылаушы топ та лекция соңында спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды. Номерленген әр туындыға заманауи перформанс өнері теориясы тұрғысынан түсінік беріліп өтті. «10 жестов» деп аталатын тізімге мына туындыларды енгізген:

  1. «Искусство/Жизнь: Перформанс длиной в год», Тейчин Сье мен Линда Монтано, 1983 ж., 4-шілдеден 1984 ж. 4-шілдесіне дейін
  2. «Как объяснять картины мертвому зайцу», Иозеф Бойс, 1965 ж.
  3. «Порой создание чего-либо не приводит ни к чему», Франсис Алис, 1997 ж.
  4. «Anima Mundi», Марина Абрамович пен Улай, 1983 ж.
  5. «IAMSORRY», Лабафф, Гонко және Тернер, 2014 ж.
  6. «Seedbed», Вито Аккончи, 1972 ж. 15-29 қаңтар
  7. «Точка опоры», Ольга Кройтер, 2014 ж.
  8. «Акционные штаны: гениальная паника», Вали Экспорт, 1969 ж.
  9. «Бешеный пес или Последнее табу, охраняемое одиноким Цербером», Олег Кулик, 1994 ж. 23-қараша
  10. «Утопия 20 минутных объятий», Ағайынды Гаолар, 1999 ж.

Қатысушылардың бірқатарына бұл әдістер таңсық көрінсе де, лекция жүргізушілерімен бірге оларды өз тәжірибелерінен өткізді. 80 минуттық лекция перформанс тыңдаушылардың білім көкжиегін кеңейтіп, танымын арттырғаны сөзсіз. Пайдалы. Ұтымды. Нәтижелі. Бір өкініштісі, ондағы көрермендер арасында бір де бір қазақ театрының әртістерін кездестірмегеніміз. Бұл жағдайға әбден ет үйреткен соң, екі тарап та (театртанушылар мен заманауи театр өкідері) аса таңырқамадық.

"Мам, привет" спектакль-көрмесі

Фестивальдің келесі күні ерекше форматта жалғасын тапты. Алматылық көрермен ресейлік режиссер Виктория Привалованың «Мам, привет» спектакль-көрмесіне келіп, елімізде бұрын-соңды болмаған тағы бір көрініске куә болып қайтты. «Мам, привет» спектаклінің негізгі кейіпкерлері кеңістік пен көрермен. Инсталяция формасында қойылған спектакль-көрменің ұзақтыққа құрылмаған. Аралау уақытын көрерменнің қалауы біледі.

Спектакль әртүрлі локацияларға бөлінген. Спектакльдің негізгі элементі – құлаққап. Көрмені аралаушылар ұялы телефондарынан мәскеулік жас драматург Евгений Казачковтың мәтінін тыңдау арқылы әр оқиғаны индивидуалды түрде сезінеді. Құлақта ойнап тұратын монологтар жиынтығы ана мен бала арасындағы махаббат, инстинкт, жіпсіз байланыс, түсініспеушілік тақырыптарын көтереді.

Бір бұрышта балалық шағымыздың иісі есетін ескі шкаф, екіншісінде екі жағынан жабылатын айна, бір жерде темір киім ілгіште ілінген мамалардың шубасы, тағы бір жерде тоңазытқыш, оның есігіне анасының баласына жазған сәлемдемелері, бір бұрыш – осыдан жиырма жыл бұрынғы пәтер тұсқағазы, диван, теледидар, бәрі-бәрі көрермен санасы мен жүрегіндегі ностальгия қылын шертеді.

Сырттан қараған адамға спектакль – мүлгіген тыныштық. Ал, әр адамның жан дүниесінде – аласапыран. Өйткені, бұл әдетте айтылып, жазылып жүрген ана мен бала арасындағы махаббат турасында ғана емес. Бала тәрбиелеудегі көп ата-ана жіберетін қателіктер, екіжақты пікірлер, алауыздық, тіпті көрмей кетуге дейін баратын конфликттерге жолыққан кейіпкерлердің жан дүниесіндегі терең күйзелістер. Әркімнің өз шындығы айқайлайды. Көрермен арасында көз жасына ерік бермегендер кем де кем.

Жоғарыда суреттелген сценография спектакльдің көркемдік бейнеснің бір бөлігі ғана. Ең қызығы, көрмені аралағандар әр декорация, реквизиттерді ұстап, пайдалануға, иіскеуге, құқылы. Бәрін тура мағына сезінем десеңіз, мархабат. «Мам, привет» спектаклі тек өткен күндер естелігін сақтаған көрме галереясы емес, қимас сезімдер галереясына сапар шегу. Кейіпкерлерден өзіңді тауып, өз-өзіңмен ғана оңаша қалуға таптырмас мүмкіндік.

«Мам, привет». «Здравствуй, мама» емес, «Мам, привет» деп аталуында үлкен мән жатыр. Мама біздің түсінігімізде, біз маманың түсінігінде кімбіз? Спектакль осы сұрақтарға ешқандай пафоссыз жауап беруге тырысады.

"Что вы делали вчера вечером?" cпектаклі

Үшінші күні «АРТиШОК» сахнасында тағы бір мәскеулік режиссер – Семен Александровскийдің «Что вы делали вчера вечером?» спектаклі ұсынылды. Мұнда да көрермен құлаққаппен пьесаны тыңдап, театр актерлерінің кеңістікті толтыра жүрген қимылдарына куә болады. Көрермен мен актерлер арасында аудиогид арқылы екіжақты контакт орнайды. Актерлер пьесадағы кейіпкерлерді сомдаушы емес, солардың психологиясының көрінісін жасаушы.

Әрине, мұндағы пьеса деп отырғанымыз классикалық структураға негізделген шығарма емес екенін түсіну қиын емес. Өйткені, бұл – постдрама. Спектакль Дмитрий Даниловтың вербатим жанрында жазған документалды (деректі) драмасына негізделе жасалған. Пьеса бойынша театр (театр.док) өкілі адамдардан «Кеше кешке не істедіңіз?», - деген қарапайым сұраққа жауап беруін сұрайды. Берілген жауаптарға қарап бүгінгі қоғам өкілдерінің мәдениеті мен таным-түсінігіне баға бере аламыз.

Спектакль авторларының екеуі де «Золотая маска» Ресей ұлттық театр сыйлығының иегерлері екенін ескерсек, олар тудырған дүниенің де салмағы жеңіл емес екенін түсінеміз. Бұл спектакль де көрермендерді бей-жай қалдырмай, Алматы театр жұртшылығына жаңалық болды десек, артық айтпағанымыз болар.

"Жылымық" спектаклі

Фестивальге Қазақстан атынан қатысушы режиссерді таңдауда ұйымдастырушылар соңғы жылдардағы қазақ театрына жаңашылдықтың сарынын әкелген өнер иелерінің еңбектерін басты назарға алған. Нәтижесінде, «PostDrama Weekendте» өз мүмкіндігін көрсету үшін республикамыздағы сахна додаларында топ жарып жүрген жүйріктердің бірі – Фархад Молдағали ұсынылды. Жас режиссер көрнекті жазушы О.Бөкейдің атақты «Жылымық» әңгімесіне инсценировка жасап, өзі жетекшілік ететін «StartDrama» лабораториясының жастарымен бірге көркем әдеби туындының сахналық нұсқасын тудырды.

Спектакль басты екі кейіпкер (Жанар мен автор) және тірі дауыстағы аспаптар сүйемелдеуімен радиобаяндау жанрында (радиовещание) қойылған Таза пластика мен хореографияға, ым-ишара тіліне құрылған. Спектакльді қай тілдің өкілі болса да, құлақпен емес, зейінмен тыңдап, көзбен емес, көкірекпен көріп, тілсіз ұғатындай. Көңіл күйдің әрбір нотасын шертетін жанды дауыстағы музыка – кеудеңе сөз боп қонады. Жанардың дәрменсіздігін оның көзін соқыр етіп емес, керісінше жанары бұл дүниеге деректі мен дерексіздің небір кереметін көріп, сезе алатын, тек бұл әлемге соның бәрін көре алатындығын айта алмайтын мылқау етіп көрсеткен режиссердің өзіндік ойын оқыдық. Жанардың емес, жігіттің соқырлығына иланды көрермен.

Сахнаны жайлаған – сары жапырақтар. Жанардың үмітіндей қураған, жүрегіндей тым нәзік. Спектакль атмосферасын жеткізуде бұдан артық ештеңе керек емес секілді. Бір-бір чемодан ұстаған екеудің оқиғасын бір сағатқа жетер-жетпес уақытқа сыйғызған.

Шығарманың көркемдік құндылығының жоғары екені айтпаса да түсінікті. Егер режиссер оны кітаптан оқығандай етіп қоятын болса (қазақ театрында жиі кездесетін жағдай), онда сахналаудың да мәні жоқ. Спектакльден режиссерлік нақты идеяның көрінісі мен оны жеткізудегі заманауи тәсілдерді көре алмасақ, заманауи құндылығының жоғары болуы екіталай. Ал, постдрама – оған қарсы.

«PostDrama Weekendте» бой көрсеткен әр спектакль бір-біріне ұқсамайтын жан-жақты даму бағытымен ерекшеленді. Аталған үш спектакль де арнайы заманауи театр апталығы үшін қойылып, соның аясында тұсауын кесті. 24-27 қазан арасында алматылық постдрамашылдар, осылайша, бүгінгі театр өнерінің жетістіктеріне куә болды.

Елімізде әртүрлі деңгейдегі театр фестивальдерінің уақыт алға жылжыған сайын сан, сапа арттыруы жақсы, әрине. Ал, осындай формадағы жобалардың ұйымдастырылуы – нұр үстіне нұр. Бұлай деуіміз арқылы қазақ театр өнері түгел «постдрамалық» бағытқа бет бұру керек деген ойды дәріптемейміз. Бірақ, бас тартуға тұрарлық «ережелердің» бар екені де қынжылтатыны рас. «АРТиШОК» ұйымдастырған бұл фестивальдің де негізгі мақсаты сол – академиялық пафостан бас тарту. Өнердің озық үлгісі екен деп қате бағытқа жүзіп жүрген кемелер біздің театр теңізінде аз емес. Әйткенмен, елімізде орын алып жатқан мұндай бастамалар театртанушылар мен сыншыларға қашанда үміт гүлін сыйлайды.

Біз қазақ театрының болашағына сенгіміз келеді...


Жансая Тұрмағанбет, ONER.kz